«ҚҰРАНҒА ҚЫЗМЕТ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫ
Адамгершілікке арналған үш сауап бар:
Шөлге құдық қазған бір сауап,
Өзенге көпір салған бір сауап,
Жолға ағаш еккен бір сауап,– деп кезінде Ислам дініне берік болған қазақ аталармыз бекер айтпаса керек. Қазіргі таңда да қазақ жастары осы ұстанымға берік болуға құмарланған. Қайырымдылық қорларының көбеюі де осы бір ұстанымның жемісі екені сөзсіз.
Көмекке мұқтаж, денсаулығы сыр берген жандардың керегін жеткізіп жүрген, еліміздің төңірегінде қарилыққа дайындайтын медресенің де кірпішін қалаған «Құранға қызмет» қайырымдылық қоры 2018 жылдан бастау алады. Қазіргі таңда бірнеше жобаны қолға алған бұл қордың негізін қалаушысы Асқарбек Абайұлы.
«Құранға қызмет» қайырымдылық қорының алға қойған мақсаты әлеуметтік нысандар мен мешіттер, медреселерді салу, жөндеу, қаржыландыру. Оған қоса қазақ еліндегі Құранды жатқа білушілер санын көбейту, қариларды әлемдегі Ислам діңгегін ұстаған білім ордаларына жіберіп, білімдерін дамыттыру. Болашақта сол шетелде алған білімдерін қазақ жастарына жеткіздіру. Осылайша қазақ даласында Ислам дінінің дұрыс жолда дамуына атсалысу.
Қазіргі таңда «Құранға қызмет» қайырымдылық қорының ұлдарға арналған қарилық ордасының құрылысы бітіп, жақын арада есігін қари болғысы келген жандарға ашпақшы. Бұл қарилар ордасы Алматы облысы, Алматы қаласының Нұр мешітінің жанынан орын тапқан. Медресе 40 оқушыға арнап жабдықталған. Одан бөлек сызбасы сызылып, орыны бекітілген тағы екі қарилар медресесі өз бастауын күтуде. Біріншісі қыздарға арналған қарилар медресесі 100-120 оқушыға жоспарланған. Ал екіншісі ұлдарға арналған қарилар медресесі. Бұл орда 250-300 білім ізденушілеріне орын таппақ.
Қордың негізін қалаушылар тек медресе салумен тоқтап қалмай, әлеуметтік желілерде де белсенділік танытуда. Мәселен, @quranga.qyzmet Инстаграм парақшасынан пайғамбарлар тарихы, сахабалар оқиғасы секілді діни ақпараттар ала аласыз. Онымен қоса әлеуметтік желіде сауапқа кенелудің бірнеше жолдарын көрсетіп, Аллаға қызмет етудің кереметімен бөліседі.
Қордағы еріктілер тобының мақсаты қаржының көбеюіне үлес қосу. Яғни, еріктілер ай сайын жәрмеңкелер, спорттық шаралар ұйымдастырумен қатар қазақ жастарының дамуына онлайн, оффлайн форматтарда курстар да жүргізуде. Айтпақшы, «Құранға қызмет» қайырымдылық қоры ерікті болуға ұмтылған барлық жандарға есігі ашық.
«Құранға қызмет» жобасының дамуына өз үлестерін қосып жатқан өнер иелері де аз емес. Солардың бірі әнші Айгүл Иманбаева, актер Тәуекел Мүсілім, әзілкеш-актер Жаһан Утаргалиев, Нұрболхан Шарапов; танымал блогер Фариза Төрәлі, жайдарманшы Қабдол Тілеков тағы басқалары.